Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар

Қарағандыда жаңа емхана мен балалар ауруханасы салынады

Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында №5 жаңа емхана мен облыстық көпбейінді балалар ауруханасы пайда болады, деп Қарағанды облысының денсанулық сақтау басқармасының бастығы Төлеген Сәдуақасов хабарлады.
Қарағанды10 Желтоксан , 15:40

«Бұл жобаны біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ретінде іске асырамыз. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Келесі жылдың екінші жарты жылдығында байқау өткізу, бұл ғимаратты салатын инвестор таңдауды жоспарлап отырмыз. Құрылысқа екі жыл кетеді деп ойлаймыз. Бесінші емхана Оңтүстік-Шығыстағы диагностикалық орталыққа қарама-қарсы бой көтеретін болады деп жоспарлап отырмыз», - деді Т.Сәдуақасов. 

Бұған қоса, денсаулық сақтау басшылығында 200 орындық балалар ауруханасын салу жоспарда бар. 

«Балалар ауруханасы 200 орынға арналатын болады. Қазіргі облыстық балалар ауруханасы типтік ғимарат емес екенін білесіздер. Оның дәліздері мен бөлмелері тар. Алайда бұған қарамастан, біз онда биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстарын өткіздік. Сондықтан қалаға жаңа аурухана қажет», - деп атап өтті басқарма басшысы. 

Т.Сәдуақасовтың мәлімдеуінше, Қарағандыда балалар ауруханасын салу бұрыннан жоспарланған. Құрылыстың барлық жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр, мемлекеттік сараптама бар. 2014 жылы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысын іске асыру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. 

 
 




Яндекс.Метрика