Қазақстан 10 елдің азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатады

ҚР Президенті маңындағы Шетел инвесторлар кеңесінің Бурабайда өткен отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда 10 елдің азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатылады деп жариялады.
Әлемде14 Маусым , 11:54

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2014 жылдың 15 шілдесінен 2015 жылдың 15 шілдесіне дейінгі аралықта АҚШ, Нидерланды, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы мен Жапония азаматтары үшін визасыз тәртіп орнату бойынша тиісті шешім қабылдады, деп сыртқы істер министрлігінде хабарлады.

Аталған уақыт аралықта осы он елдің дипломатиялық, қызметтік, ұлттық төлқұжаттарына ие азаматтарына мемлекеттік шекараны өткеннен бастап 15 күннің ішінде көпреттік түрде Қазақстан Республикасының территориясына визасыз кіріп, шығып, транзитпен өтуге мүмкіндік беріледі. Жоғарыда аталған елдердің азаматтары Қазақстан Республикасы территориясында 15 күннен артық болатындай дәйекті қажеттілік пайда болса, олар заңмен бекітілген тәртіп бойынша ҚР Ішкі істер органдарында «іскерлік» санаттағы және ҚР Сыртқы істер министрлігінде «инвесторлық» санаттағы тиесілі визаларын алуы қажет.

2014 жылы 15 шілдеден 2015 жылдың 15 шілдесіне дейін визасыз тәртіптің орнауы алғаш енгізілетін тәжерибе болып табылады. Бұл жобаның іске асырылуы қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі оны жалғастыру не тоқтату шешіміне келеді.

«Бұл өзге мемлекеттермен ынтымақтастықты жеңілдетуге, инвестицияларды тартуға және Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық арнайы көрмесінің қарсаңында халықаралық қатынасқа жағдай жасауға бағытталған еліміздің ерекше қадамы», - деп ҚР-да аккредитацияланған шетел елшілері мен консулдармен кездесуінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017 ұлттық комиссары Рәпіл Жошыбаев мәлімдеді.

 

 




Яндекс.Метрика