Ұлт жоспары 100 нақты қадам

ҚР Конституция күні: ҚАЖ қызметкерлері ант қабылдады

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы ҚР Конституциясы қабылданған болатын. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Мемлекеттік символар алаңында мерекелік шара ұйымдастырды. Іс-шараға барлық жеке құрам мен үш түзеу мекемесі, 4 пробация бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Нұр-Сұлтан28 Тамыз , 12:45

«Біздің қызметіміз құқық қорғау органдарының ішінде жарғыларды орындауға тікелей байланысты. Біздің қызметіміз өте жауапты әрі маңызды. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтарды қайта тәрбиелеп, Заң бұзбаушылық мінез-құлықты қалыптастыру, оларға орта білім беру, кәсіптік -техникалық маманы  етіп әзірлеу және олардың мәдениеті мен денсаулығын сақтау бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз», - деді Елорда  бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі  департаментінің бастығы Ернат Ақылжанов.

Ол атап өткендей, Қылмыстық-атқару департаменті рейтинг бойынша  былтырғымен салыстырмалы түрде  15 орыннан  5-ке дейін көтерілген.

«Бұл - жеке құрамның атқарған еңбегінің нәтижесі. Осыған байланысты министр және қылмыстық-атқару жүйесі  төрағасы құқығымен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Сондай-ақ, өз ісін аса жауапкершілікпен атқарып, қызметте оңтайлы нәтиже көрсеткен мамандар ұлықталды», - деді ол.

Сонымен қатар, ҚР Конституция күні қарсаңында  Қылмыстық-атқару департаментінің  20 қызметкері Отан алдында ант қабылдады.

«Жеке құрамды толықтыру мәселесі ерекше  бақылауда тұр. Қазіргі таңда Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге талап күшейді. Олар біріншіден, адал болуы керек, білімді әрі физикалық дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Осы талаптардың сақталуын қадағалайтын арнайы комиссия бар. Кадрлық комиссия 20 қызметкерді іріктеп, арнайы оқу дайындығынан өтті. Бүгін олар ант қабылдады», - деді Е.Ақылжанов.

Сонымен қатар, департамент бастығы қызметкерлердің алдында тұрған негізгі мақсат – сотталғандар мекемесінде екі тілде күн тәртібін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Оларға арнайы тәрбие жұмыстарын жүргізу, бостандыққа дайындау бойынша тиісті мақсатты жұмыстарды атқаруға кірісетін болады», - деді ол.

Сонымен қатар, іс-шарада Қылмыстық-атқару департаментінің ардагерлеріне аталған жүйеге ерен еңбек еткені үшін алғыс грамоталары тапсырылды.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика