Экономика

АЭФ-ті өткізуге қанша қаржы жұмсалады?

Нұр-Сұлтан қаласында 16-17 мамырда әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін және Қазақстан үшін оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуді талқылау мақсатында жаһандық көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар жиналады. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында XII Астана экономикалық форумында талқыланатын мәселелер қаралды.
Нұр-Сұлтан03 Мамыр , 15:30

Форумның күн тəртібі әлемдік экономиканың, өнеркәсіптің және технологиялардың жаңа салаларын дамыту, сондай-ақ Қазақстанның және әлемнің басқа елдерінің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлері сынды маңызды мәселелерді талқылауды қамтиды.XII Астана экономикалық форумының басты тақырыбы – «Шабыттандырушы өсім: Адамдар, қалалар, экономикалар».

Іс-шараға қатысушылар тұрақты өсудің жаңа жолдарын, адам капиталының дамуы мен білім және инновация халықаралық орталықтары есебінде қалалар әлеуетін күшейтуді талқылайды.

Сондай-ақ, бұл форум үшін республикалық бюджетпен 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат мақұлданғанын «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Руслан Жемков айтып берді.

« «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының ашық порталында ашық сатып алу жүргізді. Оның бәрі жарияланған. Техникалық жабдықтау мен безендіру, пиар-қолдау бағытындағы үлкен конкурсқа 6 компания қатысты. Тендерлік кампания бірнеше тәулікке созылып, жеңімпаз анықталды. Компаниялардың бағалық ұсыныстары мен мұндай форумды өткізу мүмкіндіктері тексерілді. Жеңімпаз - HBTV компаниясы. Біз оны жасырып отырған жоқпыз. Барлық ақпарат ашық көздерде жарияланды», - деді Руслан Жемков.

Сонымен қатар, ол ауқымды конференция үшін аталған сома орынды екенін де тілге тиек етті.

«Елдегі ең үлкен конференцияға барлық қажеттілікке жауап бола аларлық орынды сома. Бізде 50 сессия, тіпті бір уақытта 9 шара қатар өтеді. Оның үстіне Конгресс-орталық - базалық негізгі локация болса, Хилтон қонақ үйі қосымша локация ретінде қызмет көрсетеді. «Астана» Халықаралық қаржы орталығында да біршама сессия өткізіледі. Демек, мұндай ауқымды шаралар мен алаңдар үшін кететін шығын орынды деп есептейміз», - дейді ол.


АЭФ іс-шаралары дәстүрлі түрде панельді сессия, дөңгелек үстел, конференция және бизнес-диалог форматында өтеді. Форумда барлығы 50 ивент жоспарланған.

XII Астана экономикалық форумы алаңындағы ең маңызды іс-шаралар:

-Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін сессиялар

- жаһандық комиссияның еңбек болашағы жөніндегі баяндамасын зерттеу және талқылау үшін халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына орайластырылған Халықаралық конференциясы

- 2020 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымының  12-ші Министрлік конференциясын даярлау жөніндегі аралық отырысы

- БҰҰ аясында тұрақты даму мақсаттары бойынша бірінші қазақстандық форумы, G-Global Халықаралық Хатшылығының қолдауымен әлемдік зияткерлік элита және ҚР үкіметінің қатысуымен стратегиялық сессиясы

-Кавказ және Орталық Азия елдерінің, Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттердің және Монғолия қаржы министрлері мен орталық банктер басшыларының дөңгелек үстелі.

Биылғы жылы АЭФ-2019  әлемнің 100-ден астам елінен келген 5 мыңға жуық шетелдік делегаттың қатысуымен EXPO Конгресс-орталығында және «Hilton Astana» қонақ  үйінде өтеді.

Осындай белгілі саясатшылар мен сарапшылардың форумға қатысуы – іс-шараның өзіне қызығушылықтың арта түскендігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар, ашық диалог пен өзара ынтымақтастыққа даярлықтың белгісі. Форумда екі күннің ішінде 100-ге жуық спикер сөз сөйлейді.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика