Инфрақұрылымның дамуы

Астанада 5 жыл ішінде 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Астанада мемлекеттік бағдарламалар мен жеке меншік инвестициялар шеңберінде іске асырылатын барлық жобалар ескеріле отырып, алдағы бес жыл ішінде 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Нұр-Сұлтан18 Қараша , 08:49

Астана әкімдігінде хабарланғандай, жүз мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру күтілуде. Орта есеппен алғанда, жыл сайын 2 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады.

Ағымдағы жылғы 10 ай қорытындылары бойынша Астанада 1807 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 16 671 пәтер пайдалануға берілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 130% жоғары. Осы ретте, бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 189 мың шаршы метр 2500 пәтер пайдалануға берілген.

Қазіргі уақытта 273 көп пәтерлі, көп қабатты және аз қабатты коммерциялық тұрғын үй кешендері (75 мыңға жуық пәтер) салыну үстінде, 281 мың шаршы метрі (85 мың пәтер) жобалану кезеңінде.

Әкімдіктің ақпараты бойынша, іске асырылып жатқан бағдарламалар аясында бюджет қаражатын тарта отырып, жалпы ауданы 1 млн 400 мың шаршы метрді құрайтын 37 тұрғын үй кешенінің құрылысы салынуда.

Тұрғын үй құрылысы көлемдерінің жыл сайын ұлғаю қарқыны Мемлекет басшысының халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында мемлекеттік қолдау бағдарламаларын іске асырудың арқасында сақталуда. 




Яндекс.Метрика