Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев «Астана клубы» отырысында сөз сөйледі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия дамуының басты мәселелерін талқылауға арналғанхалықаралық сарапшылық алаң – «Астана клубының» отырысында сөз сөйледі.
Нұр-Сұлтан 16 Қараша, 16:02

 Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры ұйымдастырған іс-шараға әлемнің түрлі елдерінің экономика, саясат және халықаралық қатынастар саласындағы 50-ден астам жетекші сарапшылары қатысты.

Қ.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты сөзі барысында халықаралық жағдайдың негізгі тенденцияларына қатысты өз ойымен бөлісті. Сенат спикері ірі державалардың ұлттық стратегиялық мүдделерінің желісі бойыншабұрынғы қырғи-қабақ соғыс кезіндегі екі саяси жүйе мен идеологиялық блоктар арасындағы бәсекелестікті ауыстырған жаңа тайталастың пайда болғанын атап өтті. «Көп полярлылық қайтымсыз үрдіске айналды», - деді Қ.Тоқаев.

Қытай кедей мемлекеттен «шын мәнінде жаһандық әлемде тағы бір экономикалық және саяси полюске айналды». БРИКС, ШЫҰ, АСЕАН сияқты өңірлік ұйымдардың рөлі айтарлықтай өсті. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологияның қарқынды дамуы тұрғысынан кибер қауіпсіздіктің жай-күйі туралы алаңдаушылық білдіріп,«Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінде біз Facebook, Twitter және басқа да әлеуметтік желілердің қаншалықты таралымда болатынын елестете де алмаушы едік» деді. Ал, «араб көктемінен» кейін «интернет-революция» түсінігі пайда болды. АҚШ-тағы Д.Трамптың президенттік сайлаудағы күтпеген жеңісі дәстүрлі БАҚ-тан әлеуметтік желілердің артықшылықтарын анықтап берді. Сенат Төрағасының айтуынша, жалпы алғанда, американдық сайлау осы күздің басты саяси оқиғасы болды. «Д.Трамптың жеңісі мемлекеттердің ішкі саясатындағы жаңа үстем құбылыс ретінде ұлтшылдықтың халықаралық қатынастар жолына шыққанын көрсетті деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді», - деді Қ.Тоқаев. Әлемдегі күштердің қайта бөлінуін талдай отырып, Қ.Тоқаев Сирия, Ливия, Йемен және Ирактың негізгі шиеленіс ошақтары ретінде жаһандық күн тәртібіндегі басты мәселеге айналғанын атап өтті. «Осы жағдайда, Сирияға өз әскерін енгізу арқылы Таяу Шығыстағы стратегиялық бастаманы қолға алған Ресейдің геосаяси рөлі айтарлықтай артты. Бұл аймаққа Иран да өз ықпалын айтарлықтай күшейтті», - деді Қазақстан Сенатының Төрағасы. Төрағаның сөзінде БҰҰ-ны реформалау перспективаларына ерекше назар аударылды. Қ.Тоқаев жаңа Бас хатшы A.Гутерреш ең алдымен Сирия мен Украинаға қатысты белгілі келіспеушіліктерге байланысты «ұжымдық сана» рөлін атқаруды тоқтатқан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үйлестірілген жұмысын қамтамасыз ету міндеті тұр деп санайды. Төраға: «Қазақстан алдағы екі жылда Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады, бұл біздің елімізге БҰҰ-ның негізгі органындағы өз күн тәртібімізді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Қазақстан Сирия мен Украинаны қоса алғанда әлемдегі қазіргі замандағы негізгі мәселелер бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде дауыс беретін болады», - деп атап өтті. Кейінгі ширек ғасырдағы үш қаржы дағдарысын туындатқан әлем нарықтарындағы сілкіністер туралы айта келіп, Қ.Тоқаев экономикалық мәселелерді саясаттан оқшаулауды қажет ететін мүлде жаңа, шын мәніндегі инновациялық қадамдарды пайдалануға шақырды. Оның сөзінде ғылыми-техникалық саладағы алда тұрған өзгерістерге қатысты: «Таяудағы ширек ғасырда бүкіл әлем толықтай өзгеріске ұшырайды. Адамдардың тек тұрмысы ғана емес, олардың дүниетанымы да өзгереді. Технологиялық тұрғыдағы локомотив ретінде ең дамыған аз ғана мемлекеттер алға озып кетеді. Оның артынан ғылыми-техникалық жетістіктерді көшіруге және игеруге қабілетті орташа дамыған елдер ілеседі. Бірақ мемлекеттердің негізгі бөлігі әлем қауіпсіздігі үшін туындайтын барлық зардаптарымен бірге жол жиегіне шығып қалуы ықтимал» деген болжам айтылды. Келешегі зор интеграциялық жобалардың ішінен Қ.Тоқаев Қытайдың 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанада алғаш рет жария еткен «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бөліп айтты. «Қазақстан өзінің аумағында осы стратегиялық жобаны табысты іске асыру үшін бәрін атқарады. Ауқымы ерекше «Нұрлы жол» бағдарламасы осы мақсатқа қол жеткізуді бағдар етеді», - деп атап өтті Парламенттің жоғарғы Палатасының басшысы.
 





Яндекс.Метрика