Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарындағы теңге (ФОТОРЕПОРТАЖ)

1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. 1993 жылғы 15 қарашада теңге айналымға енді.
Нұр-Сұлтан15 Қараша , 20:41

Содан бері бұл күн ұлттық валютаның ресми күні болып саналады.

Теңге қалай пайда болды

 

 

1992 жылғы көктемде мемлекеттік комиссия құрылды, ол ұлттық валютаны енгізу тетігін қарап, әзірледі. Басшылық ету елдің вице-президенті Ерік Асанбаевқа жүктелді. Аса құпия жағдайда арнайы дизайнерлер тобы құрылды. Олар тәуелсіз Қазақстанның ақшасын ойлап табуы тиіс болды.

Ұлттық валютаның дизайны

 

Авторлық ұжым алдына өз валютамыздың дизайнын әзірлеу міндеті қойылды. Жұмыс барысында Қазақстандағы ақша бірліктерінің ерте кезеңдердегі шығу тарихы зерттелді. Осы кезеңде әр түрлі компаниялардың өкілдері өз қызметтерін ұсына бастады.

Сондай-ақ, бір кездері тау-кен өнеркәсібінің қазақстандық кәсіпорындарымен жұмыс істеген Lonrho компаниясы да өз қызметтерін ұсынды. Оның жәрдемдесуімен Лондон қаласында Harrison&Sons фабрикасында (Lonrho тобына кірді) банкнот дайындаудың дизайнерлік және технологиялық процесімен танысу ұйымдастырылды. Сол кезде Лондонда банкноттың алғашқы нобайы жасалған болатын – онда Әл-Фарабидің суреті бейнеленіп, «теңге» деген сөз жазылған болатын.

Елге оралғаннан кейін нобай Президентке көрсетілген, ол бірнеше нұсқа дайындап, шығармашылық топ құруды тапсырған.

Ол уақытта топ алдын ала дайындалып, екіге бөлінген болатын. Бір топ монета нобайларын әзірлеумен айналысты – олар Айрат Исмамбетов және Виктор Ивженко. Басқа топ қағаз банкноттардың нобайларын әзірлеу үшін құрылған – Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов. Мердігер фирма ретінде Harrison&Sons компаниясы таңдалған.

Нәтижесінде, банкноттардың оң жағына Қазақстанның мәдени мұрасын анағұрлым анық көрсететін тарихи тұлғалардың - Әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әбілқайыр және Абылай хандардың суреттерін орналастыру туралы шешім қабылданды. Банкноттардың екінші жағында қазақ жерінің табиғи және сәулет ансамбльдері: Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ белгілі мешіттер мен кесенелердің суреттері қамтылды. Осыдан кейін нобайлар Лондонға басып шығаруға жіберілген.

Монета – тиын

Қағаз ақша дизайнын әзірлеумен қатар, өз монетамыз – тиын жасау бойынша жұмыстар да жүргізіліп жатты. Ол үшін немістің «Гребнер» фирмасынан арнайы жабдық сатып алынған.

Теңгеге берілген жоғары баға

Қазақстанның банкноттары халықаралық көрмелер мен байқауларда жоғары баға алуда. 2012 жылғы сәуірде Халықаралық банкнот қоғамдастығы (IBNS) байқауының қорытындылары жасалды, онда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік банкнот «2011 жылдың үздік банкноты» деп танылды. Марапат жеңімпазды қандай да бір банкнотты ілгері жылжытуға мүдделі емес тұлғалардың таңдайтынымен маңызды. 

Халықаралық банкнот қоғамдастығы Қазақстанның банкнотын жеңімпаз ретінде таңдай отыра, оның дизайны мен идеологиясын да және техникалық орындалуы мен қорғалуын да үздік деп таныды.

2008 жылы теңгенің 15 жылдығына арналған 5000 теңге банкнотындағы «SPARK» қорғау элементі үздік деп танылды.

2015 жылғы 1 желтоқсанда айналымға шыққан 20 мың теңгелік банкнот та марапат алып үлгерді: 2016 жылғы наурызда өткен HighSecurityPrintingEurope конференциясында (Бухарест қ., Румыния) банкнот 2015 жылдың үздік өңірлік банкноты болып танылды.

Ботагөз Айтжанова

ҚР Ұлттық Банкі суреттері




Яндекс.Метрика