Өңірлер

Екібастұздағы отын-энергетика саласындағы мамандарды даярлау орталығының құрылысы 2017 жылы аяқталады

Екібастұз қаласында отын-энергетика саласындағы мамандарды даярлау бойынша оқу орталығының құрылысын аяқтау жобасы талқыланды. Павлодар облысы әкімінің қатысуымен өткен жиналыста белгілі болғандай нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Павлодар14 Қараша , 14:56

Екібкастұз қаласының әкімдігінде өткен жиналыста «Кәсіпқор» холдингінің тапсырысы бойынша Астана қаласының мамандары құрастырған  өңіраралық оқу орталығының жобалау-сметалық құжаттары жақын арада мемлекеттік сараптамаға жіберілетіні белгілі болды. Қазіргі кезде жобаның алдын ала есептелген құны 2,8 миллиард теңгені құрайды. Жобаны құрастырушылардың айтуынша алдағы уақытта орталықтағы хауызды демонтаждау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жоба бойынша оқу корпустарының қабырғаларын жылыту мен дренаж жүйесінің құрылысын бастау жоспарлануда.   

«Жобаны үстіміздегі жылы мемлекеттік сараптамадан өткізіп, келесі жылға оқу орталығының құрылысына қажетті қаражатты бюджет жоспарына енгізу қажет. Екібастұз қаласының әкімі бұл жобаны тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Сонымен бірге, қалалық әкімдік осы жылдың соңына дейін суағар жүйелерінің жобасын тапсыруы керек», - деді Болат Бақауов.

Жобаны бекіткеннен кейін оқу орталығы облыстық атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне беріледі.

Атап өтерлігі, Екібастұз өңіріне жұмыс сапары барысында аймақ басшысы бірнеше кәсіпорында, олардың ішінде Қазақстан вагон жасау компаниясында да болып қайтты. Компания өзінің жұмысын қайтадан жандандырып, жылдың соңына дейін 200 вагон шығаруды жоспарлап отыр.




Яндекс.Метрика