«Жасыл» экономикаға өту - күрделі үрдіс

Қазақстанда «Жасыл өткел» бағдарламасы мен «жасыл» экономикаға өту оңайшылықпен орындала қоймайды, бұл өз кезегінде бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады, дейді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Екатерина Паниклова.
Нұр-Сұлтан04 Желтоксан , 11:23

«Соңғы 20 жылда Қазақстан ақырындап, бірақ кезең-кезеңімен тұрақты дамудың жолына түсті. 2012 жылы Рио-де-Жайнейродағы конференцияда Қазақстан жаңа даму жолына көшуге дайын екендігін дәлелдеді. Ұсынылған «Жасыл өткел» әріптестік бағдарламасы конференцияның қорытынды резолюциясын шығарған жалғыз шешім болды. Оған себеп Қазақстанның БҰҰ-мен қатар «жасыл» даму тұжырымдамасы бойынша, «жасыл» экономикаға өтудегі өзіндік бастамаларының болуы. «Жасыл дамуға» өту мен ондағы атқарылар шаруалардың оңайшылықпен орындала қоймайтынын айта кеткім келеді. Бұл жұмыстар кезеңдік даму мен үлкен қажырды керек етеді», - деді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Екатерина Паниклова.

Оның айтуынша, бұл шараға тек қана Үкімет қатыспай, үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз сарапшылар, институттар да белсенді ат салысқаны жөн.

Сонымен қатар, Е.Паниклова «жасыл» экономика ұғымына кеңінен анықтама берді.

«Жасыл» экономиканы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралармен шатастырмау керек. Шын мәнісінде, жасыл экономика қазіргі заманда сапалы дамуға жеткізер бірегей жол. Бұл – макроэкономиканың, өңірлердің, жаңа өмір деңгейінің, жаңа экономикалық ойлау жүйесімен қоғамның жаңа технологиялық экономикалық деңгейіне өтудің көпкомпонентті жүйелі әдісі. Жасыл экономика – қаражаттың өзгеруі, жаңа қаржыландыру механизмдері мен ұзақ уақыттық жан-жақты келісімінің қоршаған ортаға тигізер әсері», - деді Е.Паниклова.

Тұрақты өкіл орынбасарының айтуынша, БҰҰ Даму Бағдарламасы ҚР Үкіметі мен Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне аталмыш бағыттағы жұмыстарына әрдайым қолдау көрсетуге әзір.

«Біз көптеген бағыттар бойынша шаруалар атқарып жатырмыз. Соның қатарында министрліктің тұрмыстық қалдықтарды тиімді түрде халықтың игілігіне қайта жарату, ТКШ-да қуат үнемдеу мен «жасыл» экономика құрылыстарына бағытталған жобалары бар», - деп түйіндеді Е.Паниклова.

 




Яндекс.Метрика