Парламент

2017 жылдан бастап 1,8 миллионға жуық адам кіріс декларациясын тапсыруды бастайды – ҚР Қаржы министрлігі

2017 жылдан бастап 1,8 миллионға жуық адам кіріс декларациясын тапсыруды бастайды. Екінші кезеңде оған 11 млн. адам қосылады, деген ақпарат берді ҚР Қаржы министрі міндетін атқарушы Ардақ Теңгебаев ҚР Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында.
Нұр-Сұлтан23 Маусым , 16:53

«Декларацияны барлық азамат тапсыратын болады. Кәмелеттік жасқа толған азаматтардан бастап, оралмандар, тұрақты мекені бар тұлғалардың бәрі тапсыратын болады. Өз кезегінде кәмелеттік жасқа толмағандар мен шетелдік азаматтар қазақстандық қаржы көзінен кіріс кіргізетін болса немесе қолында мүлкі бар болған жағдайда декларациялауға қатыстырылады. Жалпы барлығын декларациялау кезеңмен жүреді. 2017 және 2020 жылдары міндетке кіретін тұлғалардың барлығы тапсырады»,-деді А.Теңгебаев.

Ведомствоның мәліметі бойынша, бірінші кезеңде – 2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету туралы Заңға сәйкес келетін тұлғалар мен олардың әйелдері декларация тапсыра бастайды. Бұл қатарда мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, судьялар, Ұлттық банк қызметкерлері, ұлттық басқарушы холдингтар мен ұлттық компания жұмыскерлері, мемлекеттік кәсіпорын мен мекеме қызметкерлері бар.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан екінші кезең басталады. Онда елдегі халықтың қалғаны тапсырады. Ал, бірінші кезеңде 1,8 миллионға жуық адам кіріс декларациясын тапсыруды бастайды. Екінші кезеңде оған 11 млн. адам қосылады»,-деді А.Теңгебаев.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика