Астана күні

Астана күніне орай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында ашық есік күндерінің онкүндігі өтеді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Ашық есік күндері» онкүндігі 1-10 шілде аралығында өтеді, деді ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да кітапхана директоры Бейсембай Жұмабеков.
Нұр-Сұлтан23 Маусым , 16:09

Бейсембай Жұмабеков онкүндіктің мақсаттары мен міндеттеріне, бағдарламасына тоқталды: «Жақын арада еліміз үшін елеулі мейрам Астана күні тойланады. Биыл елордамыз 18 жасқа толады. Адам өмірімен салыстырсақ, бұл – кәмелеттік жас. Оның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі  аса маңызды». Оның айтуынша, елорданың туған күніне орай Кітапхана қызметкерлері мерекелік шаралар кешенін дайындаған.

Бағдарламада 5 көрме қарастырылған. Фотодеректі мұрағат көрмелерінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметі арқау етіледі. «Елбасы Әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» көрмесінің авторлары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын тұлға, әлемдік деңгейдегі саясаткер, елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріндегі көрегенді және жасампаз өзгерістердің бастамашысы, жетекшісі және қатысушы ретінде сипаттайтын түпнұсқалық тарихи құжаттарды ұсынады.

«Естелікке қолтаңба» көрмесі шетел мемлекеттері басшыларының, танымал тұлғалардың Елбасының атына сыйға ұсынған суреттермен ерекшеленеді. Экспозицияда бірегей 40 фото құжат қамтылған.

Қалған 3 көрме Астана тақырыбын арқау етеді. «Астананың болашағы – балалардың көзімен» тақырыбындағы көрмеде еліміздің және елордамыздың, ұлттық мәдениеттің даму тарихына арналған балғындардың суреттері паш етіледі. Қазақстан суретшілер одағының мүшелері Аманжол Мусалимов және Әлішер Беспалинов жас дарындар үшін шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.

 ««Абыройы асқақтаған Астана» кітап көрмесінде елорданың өткенінен және бүгінінен сыр шертетін 50 туынды ұсынылады. Топтама қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі кітаптардан құралған», - деді Бейсембай Жұмабеков.  

Онкүндік барысында бұқаралық мәдени-спорттық шаралар жоспарланған: суретшілердің, фотографтардың, шахматистердің шеберлік сыныптары, әдеби және музыкалық кездесулер.

Индира Кауметова




Яндекс.Метрика