Өңірлер

Алматы облысының полиция қызметкерлеріне 25 көлік табысталды (ФОТО)

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылғанына 24 жыл толуын мерекелеуге орай Алматы облыстық ІІД қызметтік автопаркі тағы 25 автокөлікпен толықты. Қазақстан полициясы күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» саябағында өткен салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы23 Маусым , 17:32

Полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, облыс басшысы А. Баталов өңірде ішкі істер органдары мамандарының нәтижелі жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар мен мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға назар аударылып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет қолдауының нәтижесінде облыста қылмыспен күреске, құқықтық тәртіпті нығайтуға, ішкі істер органдарының материалдық базасын жақсартуға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, биылғы жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі кезде формалық киім-кешекпен қамтамасыз ету – 90,4 %, қызметтік автокөлікпен қамту – 94,3 %. Ал бүгін қызметтік автопарк тағы 25 автокөлікпен толығып отыр. Мұның бәрі полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруына, қоғамдағы тұрақтылықты, халықтың тыныштығын сақтауға ықпал етеді. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Күрделі де жауапты жұмыстарыңызға табыс тілеймін!» – деді А. Баталов.

Мұнан кейін бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Полиция қызметкерлерін облыстық ІІД бастығы, генерал-майор Мұрат Ұрұмханов құттықтап, полиция ардагерлеріне, қызметкерлеріне және полицияға жәрдем көрсеткен азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар тапсырды.

Үш қызметкерге қызметтік пәтердің кілті берілді.

Кездесу соңы концертке ұласып, Қазақстан полициясының құрдастары – 24 жастағы полиция қызметкерлерінің қолынан ақ көгершіндер ұшырылды.

 




Яндекс.Метрика