Басқару

Г.Әбдіқалықова ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің қорытынды отырысын өткізді

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің қорытынды отырысы өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан23 Маусым , 13:58

Кеңес жұмысына ТМД-нің 10 елінен келген 30-дан аса жоғары оқу орындарының ректорлары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ өкілдері, Қазақстанның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, тәжірибелік-эксперименталдық шаруашылықтардың, білім тарату орталықтарының басшылары және ауыл кәсіпкерлері қатысты.

Кеңес «ТМД кеңістігінде аграрлық білімнің жаңғыртылуы» тақырыбымен өтті. Атап айтқанда, жаңа аграрлық мамандықтар ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологияларды әзірлеу және таратудың заманауи, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру, әлемдік білім беру кеңістігімен интеграциялану мәселелері талқыланды.

Аграрлық жоғары оқу орындары басшылары оларды ұлттық зерттеу университеттеріне айналдыру, агроөнеркәсіп кешені саласында ғылым, білім және өндіріс интеграциясы механизмдерін дамыту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту жөнінде тәжірибе алмасты.

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы» атты жолдауында азық-түлік қауіпсіздігі ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері қатарына жататынын айтқанын жеткізді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының басты шарты болып табылады.

Мемлекеттік хатшы кеңес барысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанынан құрылып жатқан ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды дамыту мен трансферттеу ісімен мақсатты түрде айналысатын Агротехникалық хабты басқарудың ұйымдастырушылық құрылымымен танысты. Хаб ауыл шаруашылығы ғылымының теориясы мен тәжірибесі арасындағы байланыстырушы буын болып саналады. Бүгінгі таңда мұндай құрылымдар АҚШ, Аргентина, Бразилия, Израиль және Австралия елдерінде табысты жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы пилотсыз аппараттар – дрондардың көмегімен ауыл шаруашылығы алқаптарын алдын ала тексерумен айналысатын Тұрақты егін шаруашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тәжірибе жүзінде дрондарды пайдалануы топырақты өңдеу, егін егу және өсімдіктерді қорғау жөнінде уақтылы және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

2003 жылы құрылған ТМД аграрлық жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қайта дайындау ісін, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен байланыс орнату арқылы ТМД жетекші аграрлық жоғары оқу орындары мен оқу-әдістемелік бірлестіктерінің өзара ынтымақтастығын ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіреді.  

 

 

 




Яндекс.Метрика