Парламент

Сенат ТМД аумағында бiрлескен жедел-тергеу топтарының құрылуы мен қызметі туралы келісімді ратификациялады

Сенат ТМД аумағында бiрлескен жедел-тергеу топтарының құрылуы мен қызметі туралы келісімді ратификациялады. Тиiстi заңды бүгiн Сенат депутаттары қабылдады.
Нұр-Сұлтан23 Маусым , 11:03

ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов баяндағандай, бұл құжат ТМД елдерiнде бiрлескен жедел-тергеу топтарын құру мен олардың қызмет атқаруының тәртiбiн қарастырады.

«Келiсiм ТМД елдерiнiң аумағында жедел-iздестiру iс-шараларын үйлестiру, сондай-ақ өзара iс-қимыл жасау ретiн белгiлейдi. Келiсiм күшiне енгеннен кейiн оны iске асыру үкiмет қаулысымен құзыреттi органдарға жүктеледi», - дедi министр.

Бұл келiсiмге 2015 жылы 16 қазанда Бурабайда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжiкстан мемлекеттерiнiң президенттерi қол қойған.+

Министр атап өткендей, «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң аумағында бiрлескен жедел-тегеу топтарын құру тәртiбi және олардың қызметi туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» заң жобасының маңызы өте зор. Келiсiмде бiрлескен жедел-тергеу топтарының негiзгi мiндеттерi, құру тәртiбi, оларға ұлттық жедел-тергеу топтарын қосу және шығару рәсiмдерi, сондай-ақ ТМД аумағында процестiк әрекеттердi және жедел iздестiру шараларын жүргiзу кезiнде өзара iс-қимыл жасау тәртiбi айқындалған. Бұл келiсiм өзге мемлекеттiң заңын өзгертпейдi. Оның негiзгi мақсаты - өз мемлекетiнде қылмыстық-процестiк заңды сақтай отырып, қылмыскердi iздестiру шараларын, оны тергеу мәселесiн неғұрлым жеделдету.

Бұл құжатқа қол қоймаған мемлекеттермен Қазақстан екiжақты келiсiмдер жасайды.

«Негізгі новелла – қылмыстық істерді қарауды жеңілдету. Қазір Қостанай облысында қылмыс жасалса, құжат ІІМ бағыттайды, ІІМ Бас прокуратураға, Бас прокуратура  ресей бас прокуратурасына, ресейлік прокуратура Оренбург облысына, Оренбург облысы оны жүзеге асырады. Бұл өте үлкен  мерзім, келісім жеңілдетеді», - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, заңның қабылдануы қосымша қаржыны қажет етпейді. Содай-ақ, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық қайшылыққа әкелмейді.

Анар  Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика