Парламент

Мәжіліс ҚР мен Ауғанстан арасындағы азаматтық қорғаныс бойынша ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы азаматтық қорғаныс саласы бойынша ынтымақтастық және төтенше жағдайда ескерту мен құтқару» жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
Нұр-Сұлтан23 Маусым , 10:52

Келісім азаматтық қорғаныс саласында тараптардың өзара іс-қимылын, техногендік және табиғи тәуекелдерді ескертуді, төтенше жағдайда құтқаруды, ерікті түрде және өзара көмек ретінде азаматтық қорғаныс мамандарын оқыту, апатты жағдайда, кедейшілік пен  қирау кезінде, төтенше жағдай туындағанда көмек көрсету сияқты дүниелерді айқындайды.

«Келісімді ратификациялау төтенше жағдайларды мониторингілеу мен болжау саласында тәжірибе алмасуға, қатерлер кезінде халықты іс-қимылдарға даярлауға, азаматтық қорғаныс саласында мамандарды оқытуға, тұрақты негізде халықты қорғау тиімділігін арттыру мақсатында бірлескен тақырыптық конференцияларды, семинарларды, оқу-жаттығуларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тараптар аумағында ТЖ-ны жою кезінде қысқа мерзімде көмек ұсыну қамтылған»,-деп түсіндірді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

«Заң жобасы теріс салдарға әкеліп соқтырмайды, сонымен қатар оны қабылдау тараптардың аумағында табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға ықпал етеді», -деді министр.

Келісімде тараптардың ынтымақтастығын жүзеге асыру нысандары көзделген, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету тәртібі айқындалған.

 Индира Қауметова




Яндекс.Метрика