Білім беру

Қазақстанда жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 31,7 мың мемлекеттік грант бөлінді

Ағымдағы жылы жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс 31 702 грантты, оның ішінде сырттай бөлімде 300 грантты, жоғары оқу орындарының дайындық бөліміне – 2500 орынды, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде тілдік дайындық деңгейін арттыру үшін – 450 орынды құрайды, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан22 Маусым , 18:54

Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінен 3 162 грант «Мәңгілік ел жастары-индустрияға!» (Серпін-2050) бағдарламасы бойынша, оның ішінде 1000 грант - педагогикалық, 1717 – техникалық, 345 – ауыл шаруашылығы және 100 орын медициналық мамандықтарға қарастырылған.

Мемлекеттік тапсырыс аясында қабылдау үшін Назарбаев Университетіне (700), А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне (200), М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалына (125), Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филилалына (45), Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (500), Қаржы академиясына  (50) және Қазақ-Британ техникалық университетіне (200) мақсатты орындар бөлінген.

Мемлекеттік тапсырыс келесідей бөлінді: педагогикалық мамандықтарға – 5000, гуманитарлық ғылымдар – 700, құқық – 100, өнер – 170, әлеуметтік  ғылымдар – 700, жаратылыстану ғылымдары – 1470, техникалық ғылымдар және технологиялар – 12593, әскери іс және қауіпсіздік – 60, медициналық мамандықтар – 3000, ауыл шаруашылығы және ветеринария – 2690.

Магистратурада мамандар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс 7429 орынды, оның ішінде бейінді магистратураға 3000 орынды құрайды.

PhD докторантурадағы мемлекеттік тапсырыс  628 бірлікті құрайды, оның ішінде 43 орын Назарбаев Университетіне бөлінген.




Яндекс.Метрика