Ұлттың денсаулығы

13 мыңнан астам шалғай станция тұрғындары медициналық қызметпен қамтылды

Өңірлерде жүрген «Денсаулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақстан» арнайы пойыздарының ақ халатты абзал жандары 18 түрлі мамандығы бойынша сапалы дәрігерлік қызметін көрсетеді, деп хабарлады «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Казахстан21 Маусым , 10:19

Мамыр айынан бастап «доңғалақты емхана» барлық аймақтарға қызмет көрсетуді бастады. Онда алғашқы дәрігерлік көмек, кәсіби кеңестер, барлық кешенді дәрігерлік тексеру жасалады. Бірқатарын жақын маңдағы медициналық орталықтарға жібереді.

Аталмыш мерзімде медициналық пойыздардағы дәрігерлер  58 станцияда болып, 13 мыңнан астам жергілікті тұрғынды медициналық қызметпен қамтыды. 13 мың адамның әрқайсысы шамамен 8,5 маман дәрігерге көрінген. Яғни, олар 71603 рет маман дәрігерлердің қарауында болған. Маман дәрігерлер пойыздың үстінде 24 815 медициналық сараптау жүргізіп, дәрігерлік зерттеулер жасаған. Оташы дәрігерлер 3290 рет шағын оташылық жасады. 3646 адам тіс дәрігерінен ем алды.

 «Медициналық пойыз» жобасын 2010 жылдан бері «Самұрық Қазына» АҚ компаниялар тобы мен «Samruk – Kazyna Trust» арнайы жобалар даму қоры қолдап келеді. Жоба бойынша негізгі мақсат - респубиканың шалғай орналасқан елді мекендерін барынша сапалы медициналық қызмет түрлерімен қамту болып табылады.

«Денсаулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақстан» кеңес беру диагностикалық пойыздары теміржолшылар мен шалғай станциядағы  әлеуметтік аз қамтылған, халықтың тұрмысы төмен бөлігіне тегін қызмет көрсетеді.

Аталмыш пойыздар тамыздың ортасына дейін республиканың барлық өңірлерін қамтуды жоспарлап отыр.

 

 

 




Яндекс.Метрика