Халықаралық интеграция

Ресейлік делегация Қазақстанның сот жүйесімен танысты

Ресей Президентінің кеңесшісі В.Ф. Яковлев бастаған ресейлік делегация Жоғарғы Сотқа келді. Іс-шара Қазақстан Республикасына жұмыс іссапарының шеңберінде өтуде.
Нұр-Сұлтан20 Маусым , 16:12

Сапар шеңберінде ресейлік делегацияның Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмимен кездесуі өтті. Кездесу шеңберінде тараптар екі ел сот жүйесінің дамуы туралы өзекті ақпаратпен және жылы лебіздермен алмасты. Кездесуге сондай-ақ Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников қатысты, деп хабарлады ведомство.

Делегация мүшелері үшін еліміздің жоғары сот органының ғимаратына экскурсия ұйымдастырылды. Сот отырыстарының залдары таныстырылды, ғимараттың салыну тарихы мен инфрақұрылымдық ерекшеліктері айтылды. Таныстырылым барысында еліміздің соттарында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларға айрықша назар аударылды. 

Бұдан әрі ресейлік делегацияның Жоғарғы Сот судьяларымен және аппараттың құрылымдық бөлімдерінің басшыларымен кездесуі өтті. Оның шеңберінде В.Яковлев Ресейдегі құқықтық мемлекеттің және төрелік жүйесінің қалыптасу ерекшеліктері туралы сөз сөйледі. Меймандар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот жүйесін реформалау барысы туралы мәлімет алды. Негізінен, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптардың күшейтілуі, тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту, үш сатылы сот жүйесіне көшу, азаматтық сот істеріне прокурордың қатысуын қысқарту, Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құру секілді өзгерістер кеңінен әңгімеленді.  

«Ресейлік делегация Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа және Астана қаржы орталығының сотын құрумен байланысты жаңашылдықтарға зор қызығушылық танытты. Кездесу шеңберінде бірқатар қызықты әрі нақты мәселелер бойынша пікірталас болып, екі елдің сот жүйесінің жұмысы туралы көптеген сұрақтар қойылды», - делінген хабарламада.

Ресейлік делегация Қазақстанда а.ж. 23 маусымға дейін болады. Сапар шеңберінде Конституциялық Кеңес Төрағасымен, Әділет министрімен, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігімен, жеке сот орындаушылары республикалық палатасымен, адвокаттар алқасымен және т.б. бірқатар кездесулер жоспарланған. 

Бұл ресейлік делегацияның Жоғарғы Сотқа таяу арада жасаған екінші сапары болып табылады. Ресейлік судьялар мен Ресей Жоғарғы Сотының жанындағы Сот департаменті қызметкерлерінен құралған делегация 2016 жылдың 30 мамыры мен 2 маусымы аралығында Қазақстанға келіп, соттар жұмысында жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудағы отандық тәжірибені зерделеген болатын.




Яндекс.Метрика