Ғылымды қажет ететін экономиканың дамуы

Қазақстан мен Судан компаниясы ғарыш технологиялары саласындағы өзара іс-қимыл туралы екіжақты хаттамаға қол қойды

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің делегациясы Хартум қаласына (Судан Республикасы) жұмыс сапарымен барып қайтты, деп хабарлады Қазғарыштың баспасөз қызметі.
Әлемде 20 Маусым, 08:47

Аталған іс-шаралардың мақсаты «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҚҒС» ҰК» АҚ) «SUNACS» компаниясымен бірге Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондау ғарыш жүйесінің деректерін ұсыну саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту болып табылады.

Сапар барысында Судан Аэроғарыш комитетінің («SUNACS», «MIRAGE» компаниялары) өкілдерімен, Телекоммуникация және ақпараттық технологиялар министрімен, Судан әскери академиясының өкілдерімен кездесулер өткізілді, онда ауыл шаруашылығында ғарыш технологияларын қолдану саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды, «MIRAGE» ғарыштық технологиялық компаниясының мүмкіндіктері таныстырылды.

Жұмыс сапарының шеңберінде Қазақстан тарапы «SUNACS» компаниясының жерүсті станциясына барды, сондай-ақ жерүсті сегментін зерделеу, «SUNACS» команиясы мамандарының біліктілігін арттыру бойынша кадрларды даярлау, ауыл шаруашылығында пайдалану үшін жердің үстіңгі қабатын мониторингілеудің түрлі әдістерін әзірлеудегі бірлескен ынтымақтастық, қазақстандық тәжірибе бойынша нано-спутниктерді жасау, Қазақстан-Судан үкіметаралық келісіміне қол қою мәселелері талқыланған болатын.

Бұдан басқа, «ҚҒС» ҰК» АҚ судандық әріптестердің «KazEOSat-2» спутнигінен ғарыш түсірілімдерін алуы жөнінде де ұсыныстар қарастырылды.

Сапардың қорытындысы бойынша өзара тиімді шешімдер қабылданды және «ҚҒС» ҰК» АҚ пен «SUNACS» арасында ғарыш технологиялары саласындағы бірлескен жұмысты одан әрі дамыту үшін өзара іс-қимыл туралы екіжақты хаттамаға қол қойылды.

Келешекте Жерді қашықтықтан зондтау деректерінің Судан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының жай-күйін бағалау кезінде айтарлықтай үлес қосатынын атап өткен жөн.





Яндекс.Метрика