Е. Ыдырысов және Дж. Керри жоғары деңгейде екіжақты келісімдерді іске асыру бойынша тәжірибелік қадамдарды талқылады

ҚР СІМ-де кездесу барысында сыртқы саяси ведомство басшылары екіжақты, өңірлік және көпжақты ынтымақтастық бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады және Бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлады СІМ.
Нұр-Сұлтан02 Қараша , 17:03

ҚР Президенті Н. Назарбаев және АҚШ Президенті Б. Обаманың кездесулерінде, оның ішінде ағымдағы жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында мемлекет басшыларының қатысуы шеңберінде қол жеткізілген мәселелерге ерекше тоқталды.

Е. Ыдырысов және Дж. Керри басым бағыттар бойынша екіжақты қатынастарды нығайтудың маңызды және табысты тетігіне айналған Стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссиясының қызметін жоғары бағалады. 

ҚР ДСҰ-на кіруі аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ауқымын ұлғайту, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда жәрдемдесу, дәстүрлі және балама энергетика саласындағы әріптестік келешегі мәселелері жан-жақты талқылады. Ғылыми-техникалық сала мен білім берудегі ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ келісімдік-құқытық база мен визалық режимді жеңілдетуге байланысты жұмысты жандандыру бойыншакелісімге келді.

Мемлекеттік хатшы, жаһандық климаттық өзгерістер мәселесіне өз мүдделілігін ескере отырып, Қазақстанның алдағы болатын мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу туралы АҚШ-на жіберген шақыртуын құптайтындығын атап өтті. Американдық тарап көрмеге қатысатындығы туралы шешімді қабылдайтыны жөнінде уәде берді және Миландағы 
«ЭКСПО-2015» көрмесіне қатысу қорытындысы қабылдануына байланысты өз павильонын ашатындығын атап өтті. Тұтастай алғанда, көрмені өткізу мен әсіресе оның «Болашақ энергиясы» тақырыбын Дж. Керри қолдады, сондай-ақ көрме аумағында БҰҰ-ның жанындағы Жасыл технологияларды дамыту орталығын құру туралы ҚР Президентінің бастамасын жоғары бағалады.

Халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша сөз қозғай отырып, американдық тарап ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Ағымдағы жылдың тамыз айында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін іске қосу, сондай-ақ Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі кезеңі үшін алаңша ұсыну Қазақстанның нақты үлесі екенін атап өтті. Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың бірқатар өзекті мәселелері бойынша сенімді пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, тараптар терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес шеңберіндегі өзара әрекет туралы, Орталық Азия елдерінің өңірлік ықпалдастығы туралы және Ауғанстан мен өңірдегі басқа елдердегі жағдай туралы пікір алмасты.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшының жуырда АҚШ-да өткен ауыл шаруашылығы көрмесіндегі баяндамасында қазақстандық алма туралы сөз қозғауына орай Дж. Керриге екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың және оны одан әрі дамыту әлеуетінің символы ретінде атақты «апорт» алмасының таныстырылымы өткізілді.

Жалпылай алғанда, Е. Ыдырысовпен Дж. Керридіңкездесуі барысында тараптар Қазақстан-Америка ынтымақтастығының өзекті мәселелерін неғұрлым тиянақты талдап, екі мемлекет басшыларының келісімдерін іске асыру аясында екіжақты және көпжақты форматта стратегиялық әріптестік ауқымын келешекте кеңейту бойынша нақты қадамдарды белгілеп алды.

 

 

 




Яндекс.Метрика