2015 жылы гидротехникалық құрылымдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді-АШМ

Қазақстанда 2015 жылы гидротехникалық құрылымдардың құрылысы мен оның 26-на жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Нұр-Сұлтан16 Сәуір , 15:08

Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлағандай, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде Ақмола облысындағы Преображенск гидротүйіні мен «Нұра-Есіл» каналына  жаңа автоматтандырылған жүйені енгізе отырып жаңғырту және қайта құру жүмыстарын аяқтау көзделуде.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Жеменей өзенінің бөгеттік гидротүйіні мен Тарбағатай ауданындағы Базар өзенінің су бөгеті жөндеуден өтеді. Бұдан басқа, Қарағанды облысындағы Жартас су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Батыс Қазақстан облысы Жаңғалы ауданы Жаңажол ауылының маңындағы Сары-Өзен өзеніне су жіберу үшін бөгет салынатын болады.

«Қабылданған шаралар төтенше жағдайларды алдын алуға және су шаруашылығы қожалықтарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда ҚР АШМ су ресурстары бойынша комитеті су қоймалары жұмысының жүйесіне күнделікті мониторинг жүргізіп келеді. Барлық республикалық нысандарда тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылған. Қауіпті аймақтарда бөгеттің жарылуын алдын алу үшін қажетті құрылыс материалдары мен өзге де заттардың, арнайы техниканың  қажетті қоры жасақталған.

Айта кетерлік жайт, 2014 жылы гидротехникалық құрылымдардың құрылысы мен оның 38 нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізуге 12,7 млрд теңге бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Қазақстанда 494 су қоймасы бар, оның ішінде 76 - республикалық маңызда, 299  коммуналды меншік, 111  жекеменшік, 8 - қараусыз қалған.




Яндекс.Метрика