Қазақстан Қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» диалогының отырысына қатысты

Душанбе қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков Қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» Диалогының 2-ші отырысына қатысты,деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Әлемде13 Наурыз , 09:06

«Туындайтын қауіпсіздік қатерлерін ынтымақтастықтың бағыттарымен салыстыру» тақырыбына арналған форумға Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан және Өзбекстан делегациялары қатысты. Еуропалық тараптан Еуропалық сыртқы байланыстар қызметі Бас хатшысының орынбасары Хельга Шмид және Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия, аймақтық ынтымақтастық пен ЕҚЫҰ бойынша департаментінің директоры Гуннар Виганд өкілдік жасады.

Отырыста Қазақстан делегациясының басшысы аймақтағы қауіп-қатерлерге бірлесе қарсы әрекет жасау үшін өзара әрекет етудің ортақ нүктелері мен біркелкі ұстанымдарын іздестіру жолындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын анықтау және, ең бастысы, оны іс жүзінде және мазмұндық жағынан толықтыру мақсатында Диалог отырыстарын дағдылы түрде өткізу мәселесін көтерді.

«Радикалдану мен шетелдік сарбаздар феноменіне қарсы әрекет» тақырыбындағы сессия шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық лаңкестікке қарсы жүйесін жетілдіру тәжірибесінің тұсаукесері өтті.

Отырыстың күндізгі сессиясы Ауғанстанды тұрақтандыру, соның ішінде аймақтық ынтымақтастықты дамыту, ауған аумағынан халықаралық коалиция күштері шығарылғаннан кейінгі кезеңде есірткі тасымалымен күрес мәселелерін талқылауға арналды.

Форум қатысушылары Сирия, Ирак жерлеріндегі, және Украинадағы дағдарыс жағдайында Таяу және Орта Шығыстағы, Орталық Азия елдеріндегі халықаралық лаңкестік және экстремистік ұйымдардың іс-әрекеттері аясында ахуалды талқылады.

Диалог шеңберінде А. Волковтың Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Х. Карзаймен, Тәжікстан Сыртқы істер министрінің орынбасары П. Давлатзодамен, Еуропалық сыртқы байланыстар қызметі Бас хатшысының орынбасары Х. Шмидпен, Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия, аймақтық ынтымақтастық пен ЕҚЫҰ бойынша департаментінің директоры Г.Вигандпен және ЮНИСЕФ Офисінің Аймақтық директоры А. Зуевпен екі жақты кездесулері өтті.

 




Яндекс.Метрика