ҚР мен Монако өзара құқықтық көмек туралы мемлекетаралық шартқа қол қойды

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев Монако Княздігіне жасаған сапары шеңберінде Монако Княздігінің Мемлекеттік кеңес төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Әділет министрі Филипп Нарминомен келіссөздер жүргізді.
Нұр-Сұлтан09 Наурыз , 17:58

Кездесу барысында қылмысқа, қылмыстық жолмен табылған қаражатты жылыстатуға қарсы тұру саласында, заңдылық пен құқықтық тәртіпті, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.

Кездесудің нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Монако Княздігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы мемлекетаралық шартқа қол қойылды.

«Шарт Қазақстан Президентінің Монако Князі II Альбермен 2012 жылғы кездесуі барысында қабылданған Бірлескен мәлімдемені жүзеге асыру мақсатында жасалды, оның аясында халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша бірлескен жұмыс туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын», - делінген хабарламада.

Тараптар қол жеткізілген келісімдердің екі мемлекеттің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Монако азаматтарының конституциялық құқықтарын, заңды мүдделерін қорғауға  зор үлес қосуға бағытталғанын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Қазақстанның басты қадағалаушы органының жетекшісі атап өткендей, біздің ел үшін бұл еуропалық қауымдастыққа жақындасу жолындағы кезекті және маңызды қадам болып табылады.

Тараптар шартты жүзеге асырудағы келесі қадамдарды талқылап, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты ескерту және жолын кесу бойынша үйлесімді іс-қимылдың маңыздылығын атап көрсетті.




Яндекс.Метрика