Ә.Жақсыбеков экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады Астана қаласының әкімдігі.
Нұр-Сұлтан12 Ақпан , 18:43

«Астана басшысы қала тұрғындарының, әсіресе балалардың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін елорданың экологиялық жағдайына ерекше назар аударды. Көліктерден және автономды түрде жылытылатын жеке меншік секторларда шығатын улы заттардың ауаға тарауы, күлдің пайдаға асырылмауы және құрылыс нысандарында қоқыстың жиналып қалуы сияқты мәселелер аса өзекті. Бұл ретте  Ә. Жақсыбеков аз уақыттың ішінде осы мәселелерді шешу бойынша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды», - делінген хабарламада.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Наурыз мейрамы мен Бірлік күнін мерекелеуді ұйымдастыруды қазірден бастап қолға алу керек. Бұдан басқа, Астананың инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта бизнесті тиімді қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет», - деді Әділбек Жақсыбеков.

Астана әкімі осы жылдың  5 ақпанында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен қол қойылған еңбек ұжымдарын әлеуметтік қорғау және жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі меморандумдарды жүзеге асыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Қала басшысының айтуынша, елордалық кәсіпкерлерді қолдау үшін екінші деңгейлі банктермен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз ынтымақтастық орнату керек.

 

 




Яндекс.Метрика