Қазақстанның қызыл кітабына енген орақтұмсық 2015 жылдың құсы атанды

Биоалуантүрлікті сақтау қазақстандық қауымдастығы Қазақстанның құс қорғаушылар күзетімен бірігіп жыл құсын таңдады. 2015 жылы бұл атаққа орақтұмсық ие болды.
Казахстан04 Ақпан , 13:57

Орақтұмсық Қазақстанда Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньнің биік таулы беткейлерінде, Іле Алатауының Үлкен және Кіші шатқалында, Шелек, Асы, Қаражар және Қарқара өзендерінің жоғарғы ағысында кездеседі. Дене тұрқы 41 см, салмағы 300 г-дай, қанатының ұзындығы 22 – 25 см. Арқасы және жемсауы сұрғылт келеді, кеудесінде қара жолағы бар, деп хабарлады қауымдастық.

«Орақ тәрізді имек тұмсығы мен аяқтары қызыл түсті. Орақтұмсық – отырықшы құс. Жеке жұптары ұсақ тастар арасына шұңқырлап ұя салады. 3 – 4 жұмыртқаны мекиені мен қоразы кезектесіп басып, балапандарын да бірігіп өргізеді. Негізінен ұсақ балықтармен және әр түрлі омыртқасыздармен қоректенеді. Орақтұмсықтың жылдан жылға саны азаюда, Алматы хайуанаттар паркінде 4 жұбы қорғалады. Өте сирек кездесетін құс болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген», - делінген хабарламада.

Орақтұмсықтың суреті Солтүстік Еуразиядағы XIV Халықаралық орнотология конференциясының эмблемасына басылады. Ол 2015 жылдың тамызында Алматы қаласында өтеді.

Айта кетейік, құстың бұл түрі  биоалуантүрлікті сақтау қазақстандық қауымдастығы мен Қазақстанның құс қорғаушылар күзетімен 2006 жылдан бастап қорғалады.

 




Яндекс.Метрика