Алматы облысында суару жүйелерін қалпына келтіру мәселесі талқыланды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің қатысуымен Алматы облысының суару жүйелерін қалпына келтіру арқылы суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оның сумен қамтылуын жақсарту және оны арттыру шаралары туралы жиын өткізді, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы12 Желтоксан , 09:32

Жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбековтің айтуынша, республикадағы барлық суармалы жерлердің 45 проценті Алматы облысына тиесілі. Жалпы облыстағы ирригациялық жүйелердің ұзындығы 16500-ден астам шақырымды құрайды.

«Соның ішінде республикалық және коммуналдық меншіктегілерді қоспағанда, 5700 шақырымы жеке меншікте, 5200 шақырымы иесіз. Негізгі әңгіме осы жекеменшіктің қолындағы және иесіз жатқан суару жүйелерін республикалық меншікке өткізу жөнінде өрбіді», - делінген хабарламада.

«ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы филиалының директоры Сейілхан Мұхамадиев сөз алып, мекеменің атқарған жұмыстарын баяндап, аудан әкімдері тарапынан суару жүйелерін республикалық меншікке өткізу ісінің өте сылбыр жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар су шаруашылығы саласына қажетті мамандарды оқыту мәселесіне де тоқталып өтті. 

Өз кезегінде Комитет төрағасы Ислам Әбішев Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының суару жүйелерін қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, республикалық бюджетке ұсынудағы қарқынымен салыстырғанда, Алматы облысына бұл орайда үлкен серпіліс қажет екенін білдірді. 

Облыс әкімі Амандық Баталов жиынды қорытындылай келе, ең алдымен аудан, қала әкімдері қанша шақырым ирригация жүйесін республика меншігіне бергені, қаншасын соттың қарауына жібергені туралы апта сайын есеп беріп отыратынын және бұл мәселе өте қатаң сұралатынын жеткізді. Солардың ішінде Қызылағаш су қоймасын ерекше екпін түсіріп айтты.

«Жұмыс тиімділігіне қарай Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар, Жамбыл аудандарындағы су жүйелерін сумен бұрынғыдай Үлкен Алматы Каналы қамтамасыз ете беретін болады. Сонымен қатар кадр мәселесіне қатысты жекелеген колледждермен ынтымақтаса жұмыс істеу жөнінде келісімге отыруды қолға аламыз», -деді А.Баталов. 

Бір ай мерзім ішінде қажетті құжаттарды әзірлеп, қай нысанды республика меншігіне, қайсысын жергілікті меншікте қалдыру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. 

 




Яндекс.Метрика