«Самұрық-Қазына» 2015 жылы «жасыл құрылыс» ұлттық стандарттарын дайындайды

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ 2015 жылы «жасыл құрылыс» ұлттық стандарттарын дайындауға кіріседі, деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ инновациялық даму және қазақстандық қамту департаментінің директоры Мархабат Балғабай.
Нұр-Сұлтан04 Желтоксан , 15:03

«Бүгін бірінші пилоттық жоба ретінде «жасыл орам» жобасын қолға алып жатырмыз. Ол Хан Шатыр кешенінің артында орналасады. Жалпы аумағы 20 гектардан асады деп күтілуде. Аталмыш «жасыл орам» аясында ең заманауи технологияларды пайдаланып, су энергиясы, қалдықтарды өңдеу технологияларын қамтитын боламыз. Сонымен қатар, аумақта таза көл мен қолайлы табиғи ландшафт пен велосипед жолдары салынбақ», - дейді М.Балғабай Астанадағы «GREENBUILD EURASIA 2014» халықаралық конференциясында.

Сондай-ақ, осындай жобалардың іске асырылуы өзіміздің ұлттық стандарттарымызды дайындауға қажеттілік тудырады. «Ұлттық стандарт – біздің тобымыз, біздің мемлекет алдындағы ауқымды шара. Мемлекеттің өзіндік стандартын жасау деген айтарлықтай дүние. Осы орайда «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ 2015 жылы «жасыл құрылыс» ұлттық стандарттарын дайындауға кіріседі», - дейді.

Оның айтуынша, ұлттық стандарт орыс және қазақ тілдерінде дайындалмақ. Құжат саланың өзіндік ұлттық ерекшеліктерін ескермек.

«Ұлттық стандартта архитекторлар мен жобалаушыларға ерекше көңіл аударатын боламыз. Сонымен қатар дайындалған ол стандарттың барынша арзан болуына назар аудармақшымыз. Есептеуімізше, шаршы метріне шамамен 3-4 есеге дейін арзан етеміз. Осылайша біз «жасыл» құрылыс саласының негізін қаламақпыз», - дейді.

Камила Амирова




Яндекс.Метрика