Қазақстан мен Германия барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Астанаға ресми сапармен келген Германия Федеративті Республикасының СІМ басшысы Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөздері өтті.
Нұр-Сұлтан10 Қараша , 19:04

Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең-ауқымды мәселелерін, сонымен қатар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқыға салды.

Е. Ыдырысов өз әріптесін қабылдай отырып, Германия Қазақстанның Еуропадағы және жалпы әлемдегі ең маңызды әріптестерінің бірі екенін атап өтті. «Соңғы жылдар жоғары және өте жоғары деңгейдегі өзара сапарлар, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары, басқа да министрліктері мен бизнес-қауымдастықтар арасындағы байланыстар жағынан өте мазмұнды және жемісті болып отыр»,- деп атап өтті Министр.

Екі елдің Сыртқы саяси ведомство басшылары Қазақстан мен Германия арасындағы Парламентаралық және Партияаралық байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстандық депутаттардың Бундестагтағы «Германия-Орталық Азия» парламенттік топтың мүшелерімен тұрақты түрде кездесулері өтіп отырады. «Нұр Отан» партиясы мен «Христианско-демократический Союз» арасында өзара диалог дамып келеді»,- деді Е.Ыдырысов.

Е. Ыдырысов пен Ф. Штайнмайер Қазақстанның ең басты сауда және инвестициялық әріптесі болып саналатын Еуропалық Одақ аясындағы екі елдің өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды. ҚР мен ЕО арасындағы 2014 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіші 28,4 млрд. АҚШ долларын құрап, Қазақстанның бүкіл сыртқы сауда айналымының 54,7%-ын құрайды. 2013 жылы ҚР мен ЕО сауда айналымы 53,4 млрд. АҚШ долларын құраған болатын.

Германия Қазақстанның сауда саласындағы жетекші серіктестерінің бірі болып табылады. 2013 жылдағы өзара сауда көлемі 3,233 млрд. АҚШ долларын құрады. Ү.ж. қаңтар-қыркүйек кезеңінде сауда айналымы 1,951 млрд. АҚШ долларына тең болды.

Сұхбаттастар Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары тиімділігін ерекше атап өтті. Тараптардың белсенді жұмысы нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде жалпы көлемі 4 млрд. АҚШ долларына тең 72 инвестициялық және сауда келісіміне қол қойылды.

Сонымен қатар, кездесу барысында Е.Ыдырысов өзінің әріптесін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысымен таныстырып, Мемлекет басшысының ГФР Федералды Канцлері Ангела Меркельге ресми түрде герман тарапын көрмеге қатысуға шақыруын жолдаған хатын табыс етіп, Германия «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуын растаған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін атап өтті.




Яндекс.Метрика