Қазақстандық делегация БҰҰ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенция Конференциясына қатысуда

6 қазанда БҰҰ Вена қаласындағы бөлімшесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенцияға мүше мемлекеттердің 7-ші Конференциясы өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға Конвенцияға мүше мемлекеттердің қылмыс саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа жауапты жоғарғы өкілдері қатысуда, деп хабарлады СІМ.
Әлемде09 Қазан , 09:01

Конференцияға қатысушылар Конфенцияға және оның хаттамаларына байланысты өзекті мәселелерді қарастырып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстардың жаңа түрлерін талқылайды және қылмыстыларды беру, өзара құқықтық көмек және қылмыстық жолмен алынған кірістерді тәркілеу салаларындағы өзара әрекеттесу жолдарын анықтайды.  

«БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Атқарушы директоры өзінің баяндамасында қол қойылған он төрт жылдан бері Конвенция трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің көпжақты күшті құралына айналды. Алайда, қол жеткізілген жетістіктер қомақты бола тұрса да, ұйымдасқан қылмыстан төніп отырған халықаралық қауіп-қатер күннен күнге өсу үстінде. БҰҰ ЕҚБ басшысы мемлекеттерді аталған көріністерге қарсы әрекеттерді күшейтуге, Конвенция мен оған байланысты хаттамаларды толық ратификациялауға қол жеткізуге және аталған құқықтық тетіктерді қылмыстың дәстүрлі және жаңа түрлерімен күресте қолдануға шақырды», - делінген хабарламада.

Баяндама барысында Қазақстанның Конвенция шеңберіндегі өз міндеттеріне берік ұстанымы, халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласындағы еліміздің белсенді позициясы мен Конвенцияны тиімді жүзеге асыру аясындағы қолға алынып жатқан шаралар туралы мәлімденді.

БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы Конвенциясы 2000 жылғы желтоқсан айында қабылданды. 180 мемлекет Конвенцияға қатысушы болып табылады. Қазақстан Конвенцияға 2008 жылы қосылды. 




Яндекс.Метрика