Климаттың өзгеру мәселесі халықаралық қатер болып табылады

ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Нью-Йорктегі БҰҰ Климаттық Саммитінің жұмысына қатысып, онда климаттың өзгеруіне қатысты елдің ұстанған саясатын түсіндіріп, Қазақстанның осынау жаһандық қатерге қарсы күресте атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР СІМ.
Әлемде03 Қазан , 17:44

Е.Ыдырысовтың айтуынша, климаттың өзгеруі мәселесі халықаралық қатер болып табылады. «Сол себепті қатерлердің алдын алу шаралары бір ғана елдің қажеттілігімен шектеліп қалмай, барлық халықаралық қауымдастықты атқа қондыру керек», - деді ҚР сыртқы істер министрі.

Одан кейін министр «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызды тұсы болып табылатын климаттың өзгеруі саласындағы Қазақстанның қолға алып жатқан шаралары мен ұстанған саясаты туралы айтты.

«Стратегияның негізіне 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты алынған. «Жасыл» экономиканың өсімі, энергетикалық тиімділіктің артуы мен жаңартылмалы қуат көздері секторын ынталандыру осы құжатта кеңінен қамтылған. Қазақстан, сөзсіз, дәстүрлі қуат көздерінің өндіруші мемлекеттердің бірі болып табылады, дегенмен энергетикалық сектордағы көмір қышқыл газы қалдықтарын азайтуға тырысамыз. Бүгінгі таңда бізді жасыл экономикаға қарай бастайтын нормативті актілер мен заңнамалық негіздер қабылдап жатырмыз», - дейді Е.Ыдырысов.

Оның айтуынша, «Қазақстан-2050» Стратегиясына сай, біздің еліміз төмендегі көрсеткіштерге жетуді мақсат етеді: 2008 жылмен салыстырғанда 2050 жылы ЖІӨ-дегі энегосиымдылықты 50 пайызға дейін азайту, көмір қышқыл газының қалдықтарын азайту мен дәстүрлі емес қуат көздерін кеңінен пайдалану.

Е.Ыдырысов Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу маңыздылығына ерекше тоқталды. «Қазақстан аталмыш көрмені өткізуде «болашақтың энергиясы» тақырын таңдап алуы да тегін емес. Біз осынау жаһандық мәселені шешуде маңызды орынға ие боламыз деп сенемін», - деді.




Яндекс.Метрика