Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Н. Назарбаев екі теміржол желісінің ашылуына қатысты

Мемлекет басшысы «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желілерінің ашылуына қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағанды22 Тамыз , 14:32

Іс-шараға орай Жезқазған қаласының орталық алаңында жаңа теміржолдың Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан басты стансаларымен арада телекөпір ұйымдастырылды. Станса басшылары Мемлекет басшысына жаңа жол қатынасын пайдалануға беруге дайын екенін баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерін салтанатты жағдайда іске қосты.

Барша қазақстандықтарды құттықтаған ел Президенті магистральдің ашылуын жылдың ең маңызды әлеуметтік-экономикалық оқиғасы деп атады.

««Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жолы бірнеше өңір мен бүкіл Республиканың тіршілігіне жан бітіріп, ондаған жылдарға алға жетелейді. Біз Тәуелсіздіктің өне бойында теміржол құрылысын тоқтатқан жоқпыз, қайта үдете түстік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы теміржол құрылысына 10 мыңнан астам адам тартылғанын, енді тағы 3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтты.

«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары жапсарлас аумақтардың дамуына жаңа серпін береді. Оның әсерін Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарының тұрғындары мен кәсіпорындары тікелей сезінетін болады. Аграрлық және өнеркәсіптік өнімдерді жеткізу мерзімі мен қашықтығын қысқартудан бүкіл Қазақстан ұтатын болады, - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңа теміржолдар Жезқазғанның дамуына оң ықпалын тигізетінін, енді бұл өңір республикалық және халықаралық маңыздағы стратегиялық бағытта орналасатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті елдің көлік-логистикалық әлеуетінің артқанына тоқталды.

Ашылу рәсімі кезінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А. Мәмин құрылыс жұмыстарының барысы мен оның экономикалық тиімділік көрсеткіштері туралы баяндады. Сондай-ақ Қазақстандағы «Арселор миттал» компаниялар тобының директоры В.Махадеван, елдің құрметті теміржолшысы А.Селбаев және еңбек ардагері Б.Мырзабеков сөз сөйледі.

«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдарының жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асады. «Жезқазған-Бейнеу» магистралін іске қосу Орталық Қазақстаннан Ақтау порты, Түрікменстанмен шекараға дейін және Парсы шығанағы  бағытында ең қысқа теміржол қатынасын құруға мүмкіндік береді. «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желісі Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне  шығуды қамтамасыз етеді.




Яндекс.Метрика