ҚР Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы

Елде 2015 жылы 47 жалпы білім беретін мектеп іске қосылмақ

2015 жылы 47 жалпы білім беретін жаңа мектепті іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
Нұр-Сұлтан22 Тамыз , 12:11

 «2014 жылы республикалық бюджеттің 51 млрд теңгесіне 73 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылы республикалық бюджеттің есебінен тағы 47 мектепті іске қосу жоспарлануда.  Министрлік апатты жағдайдағы және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептерді анықтады. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылды, апатты жағдайдағы және үш ауысымда жұмыс істейтін мектептерді жою үшін 5 жылдық жоспар бекітілді», - деді ол.

Ведомство басшысы хабарлағандай, «министрлік аз қамтылған мектептердің проблемасын шешу жолында арнайы шаралар қабылдады», «оңтайландыру механизмі жасақталды».

«Мектеп инфрақұрылымын жақсартқаннан кейін аз қамтылған мектептер саны азайып жатқаны байқалуда. Бұл мектепті үлкейтумен байланысты, бұл мәселе бірте-бірте шешілетін болады. Аз қамтылған мектептердегі білім сапасын қамтамасыз ету үшін ғаламтор желілерімен қамту, қор орталықтарын жасау және жаңа инновациялық технологияларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет», - деп толықтырды  салалық ведомствоның басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР БҒМ мәліметі бойынша, 2013 жылы 43 мың орынға арналған 124 жалпы білім беру мектебі іске қосылды. Алайда, республика бойынша әліде апатты жағдайдағы 176 білім ошағы бар. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында орналасқан. Мектептегі орын тапшылығы 70 мыңды құрады.

Мадина Нұрбекова




Яндекс.Метрика