Білім беру

2020 жылға қарсы Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балалар саны 1 млн-нан асады– БҒМ

2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балалар саны 1 млн-нан аспақ. Бұл туралы бүгін Қазақстанның білім беру мекемелерінің педагогикалық қызметкерлерінің «Мемлекеттің, қоғам мен жеке тұлғаның тұрақты даму факторы ретінде білім берудің инновациялық стратегиясы» тақырыбындағы Республикалық Тамыз конференциясы барысында ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан22 Тамыз , 11:22

«Жалпы білім беру жүйесінің іргетасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту болып табылады, оның мәнін арттыру жалпыәлемдік үрдістерге де қатысты. Өткен жылы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 1990 жылдан бергі рекордтық деңгейге жетті. 1990 жылы Тәуелсіздік қарсаңында бізде мектепке дейінгі білім беретін 8 800 ұйым болған, биыл біз осы көрсеткіштен асып түстік. Олардың саны бүгінгі таңда 9 148-ді құрайды. Онда тәрбиеленушілер сан 700 мың», - дейді министр.  

Оның айтуынша, өткен оқу жылында мектепке дейінгі ұйым желілері 384-ке артқан. Алайда бұл өсімге сеп болған басты фактор шағын орталықтардың көптеп ашылуы. Олардың саны қазіргі таңда 62 пайызды құрайды. Осылар елдегі мектепке дейінгі білім беру қызметтерін қанағаттандырып отыр. 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 73% деңгейінде.

«Бұл жаман көрсеткіш емес, осының өзімен Қазақстан Астралия, Канада, Финляндия, Польша, Швейцария, Түркия елдерімен қатар тұр. Сонымен қатар, өңір әкімдіктерімен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары желісін кеңейту туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда жеке меншік ұйымдар саны бес есеге дейін өсті», - дейді.

Айта кету керек, қазірде Республикада балалар саны 600 мың, алдағы бес жылда бұл көрсеткіш еселене түспек.

«Тек 2013 жылдың өзінде халықтың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына деген қажеттіліктері 13 пайызға артты. «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды. Бұл өз кезегінде осы уақытқа дейін тағы 4 мың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын ашуға мүмкіндік береді», - дейді министр.

«Нәтижесінде біз 3-6 жас аралығындағы барлық балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етеміз деген үміттенеміз. Яғни бір миллион бүлдіршінді балабақшамен қамтамасыз етпекпіз», - деп түйіндеді еліміздің бас ұстазы.

Мадина Нұрбекова




Яндекс.Метрика