Адами капитал

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Александр Винокуровқа спортты дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет белгісін тапсырды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Астана» велокомандасымен кездесуі барысында ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы Александр Винокуровқа спортты дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет белгісін тапсырды.
Нұр-Сұлтан21 Тамыз , 16:03

«Бүгінде Қазақстанда велоспортқа деген қызығушылық артып келеді. Бүл, әрине, бірінші кезекте «Астана» велокомандасының және біздің олимпиада чемпионымыз Александр Винокуровтың ерен еңбегінің арқасы», - дейді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның көптеген қалаларында әрбір жексенбіде дерлік көпшілік велошерулер өтіп тұрады.

«Бұл өз кезегінде Қазақстанда салауатты өмір сүру салтанатын ұстану деңгейінің жоғарылағанын хабар береді. Таяуда ғана Мемлекет басшысы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қаулыға қол қойды. Оның енді елдегі кәсіби спорттың дамуы мен бұқаралық спорттың кеңінен тарауына түрткі болмақ», - дейді ол.

«Алдағы уақытта Қазақстанда спорттың барлық түрлері бойынша осындай бастамалар қолға алынатын болады. Мен бүгін Александр Винокуровқа «ҚР-да дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет белгісін» табыстаймын», - деді А.Мұхамедиұлы.

Естеріңізге сала кетейік, Александр Винокуров – қазақстандық кәсіби велошабандоз. 2006 жылғы Испанияағы Вуэлтаның жеңімпазы және 2012 жылғы олимпиаданың топтық жарыс чемпионы. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері.

Мадина Нұрбекова




Яндекс.Метрика